Оралда екі адам қаза тапқан жантүршігерлік жол апатының видеосы жарияланды

Қайғылы оқиға 9 қазан күні сағат 16:15 шамасында Абай даңғылында болған

Оралда жантүршігерлік жол-көлік апаты салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой ГОРОД» басылымына сілтеме жасай отырып.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 9 қазан күні сағат 16:15 шамасында Абай даңғылында болған. 

Екінші базалық аялдама жанында Lada Priora мен Mercedes көліктері соқтығысқан. Қатты соққы салдарынан «Лада» көлігінле отырған екі адам – 2000 жылы туған бойжеткен мен 1985 жылы туған ер адам қайтыс болды. Олардың денесі апатқа ұшыраған көліктен құтқарушылар көмегі арқылы шығарылды.

«Жол-көлік оқиғасы болған жерде оқиғаның себептерін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция департаменті жүргізушілерге және басқа жол қозғалысына қатысушыларға жолда абай болуды және мұқият болуды, сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді», - деп хабарлады БҚО ІІД баспасөз қызметі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жол апатынан 1999 жылы туылған ер адамның да зардап шеккенін, оның денесінің көгергенін, бірақ ауруханаға жатудан бас тартқанын айтты.

Әлеуметтік желілерде аталған жол апаты болған сәттің видеосы жарияланды. Бейнекадрдан «Мерседес» көлігінің қатты жылдамдықпен ағызған қалпы бұрылып жатқан «Лада» көлігіне келіп соғылғаны көруге болады.  

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.