Атырауда шөп өртеніп, үш бала қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Махамбет ауданында 22 бума шөп өртенді

Атырау облысы, Махамбет ауданында бума шөп өртеніп 3 бала қайтыс болды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2021 жылдың 5 қазанында сағат 19:27 де кезекші пультіне Махамбет ауданы, Ортақшыл ауылы, Жаскеленов көшесіндегі үйдің ауласына жиналған 22 дана бума шөп жанып жатқаны туралы хабар келіп түсті.

«Оқиға орнына №11 ӨСБ-нің өрт сөндірушілері 19 сағат 45 минутта жетті. Өрт 23 сағат 07 минутта толығымен сөндірілген. Алайда, 6 қазан күні 00 сағат 02 минутта Махамбет аудандық полиция бөлімінен Ортақшыл ауылында кәмелет жасына толмаған үш баланың белгісіз жағдайда жоғалғаны туралы хабарлама келген. Іздестіру жұмыстарына ТЖД 11 қызметкері, 3 бірлік техникасы, 2 кинологиялық есеп, полиция департаменті қызметкерлері мен ауыл тұрғындары жұмылдырылған. Жоғалған 2014 жылғы екі бала мен 2012 жылғы бір баланың денесі өртенген шөптің арасынан табылды. Олардың денесі ПД қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Ведомство өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау керек екенін, сол сияқты балаларды қараусыз қалдырмау қажет екенін ескертті.