ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Ресейлік үш жылдан бері Қазақстан азаматы ретінде зейнетақы алған

Мұндай заңсыздықты жасағаны үшін оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды

Фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында Қазақстан Республикасының азаматы ретінде 3 жыл зейнетақы алған Ресей азаматы анықталды, деп хабарлайды ШҚО Полиция департаментінің Көші-қон қызметі.

Облыс аумағында қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша жұмыс күнделікті жүргізілуде. Өзге елдің азаматтығына өткеннен кейін қазақстандық азаматтықтан бас тартуы қажет. Ол үшін 30 күндік мерзімде ішкі істер органдарына басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы хабарлау, сондай-ақ ҚР төлқұжаты мен жеке куәлігін тапсыру қажет.

«Өкінішке қарай, ШҚО-ның кейбір тұрғындары бұл шараны елемейді, сондықтан қос азаматтық фактілерінің өсуі байқалады. Мәселен, 1 қазанда тәртіп сақшылары 2016 жылы Қырғыз Республикасының азаматтығын қабылдаған, ал Қазақстан аумағында тұрып, ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарды пайдаланған қырғызстандық 28 жастағы азаматты «Семей-Өскемен» әуе рейсінен алып тастады», - делінген ведомство хабарламасында.

Қос азаматтықпен жүрудің бірнеше артықшылығы бар:

  • карантиндік шектеулер кезеңінде мемлекеттік шекараны кедергісіз кесіп өту;
  • төтенше жағдайлар туындаған кезде шұғыл эмиграция мүмкіндігі;
  • материалдық артықшылықтар алу: зейнетақы есебі, балалардың тууы кезіндегі жәрдемақы, жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдік шарттары.

«Қос азаматтықтың тағы бір жағдайын Глубокое ауданының Көші-қон қызметінің қызметкерлері анықтады. 4 қазанда зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықпен салыстыру кезінде 19 жыл бұрын Ресей Федерациясының азаматтығын алған аудан орталығының 66 жастағы тұрғыны анықталды. Ер адам 16 жыл бойы Ресейден зейнетақы алып келген, 2018 жылы зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін ҚР аумағында зейнетақы ресімдеген. Қазіргі уақытта заңсыз алынған ақша қаражатын қайтару мәселесі қарастырылуда», - делінген ШҚО Полиция департаменті хабарламасында.

Мұндай заңсыздықты жасағаны үшін оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

«Қазақстан азаматтығы құжаттарын пайдаланғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы бойынша 100 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір құжаттары алынып, азаматтығынан айырылғаны тіркелді», - деді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері ШҚО аумағында тәртіп сақшылары 60-тан астам «қос азаматтығы» барларды анықтады, осыған байланысты көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейді және көші-қон заңнамасын сақтауды сұрайды. Тәртіп бұзған жағдайда азаматтар әкімшілік Кодекстің 496-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.