Әйел де, құрсағындағы сәбиі де аман
Нұр-Сұлтан қаласында көпірден секіріп өлмек болған жүкті келіншектің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, әйел де, құрсағындағы сәбиі де аман.
«Жағдайы орташа қалыпты. Медиицналық қызметкерлердің бақылауында. Керек медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айгерім Ардақ.
Айта кетейік, 3 қазан күні елордалық полицей Алмаз Құлтанов қызмет бабында жүріп, Қабанбай батыр көшесіндегі көпірдің үстінде («Рамстор» СҮ маңында – авт.) жас қыздың шешініп жатқанын байқаған.
«Полиция капитаны бұл жайтты Жедел басқару орталығына хабарлап, өзі қызға қарай беттеген. Алайда, ол жетемін дегенше қыз көпірден секіріп кетті. Құлтанов дереу оның артынан суық суға секіріп, қызды жағаға алып шықты. Жағада оны өзге полицейлер күтіп тұрған. Олар қызға алғашқы медициналық көмек көрсетті», - делінген полиция таратқан хабарламада.