Түркістан облысында жалған вакцина құжатын жасаған медқызметкерлер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Аурухана қызметкерлері үш тұрғынға жалған құжат жасаған

 

Түркістан облысының полицейлері жалған вакцина құжатын жасады деген күдікпен 2 аурухана қызметкерін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазығұрт ауданының ПБ кезекші бөліміне белгісіз азаматтан шұғыл хабар келіп түсті. Онда Қазығұрт ауданында үш бірдей тұрғынның вакцинаның жалған құжатын жасатқандықтары туралы айтылған.

«Хабар түсісімен полиция қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшыларының тарапынан жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында қызметтік мүмкіндігін негізсіз пайдалану арқылы төлқұжаттарды қолдан жасаумен және өткізумен айналысқан Қазығұрт аудандық ауруханасының екі қызметкері анықталып, белгілі болған азаматшалар ПБ-ға жеткізілді», - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда аталған жайт ҚК 385-бабы (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Аудан полицейлерінің анықтауы бойынша медицина қызметкерлері үш тұрғынға жалған құжат жасаған. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға заңға қайшы келетін әрекеттер үшін заңмен қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Заңға бірдей бағынайық!