Ақмола облысында жоғалған бала көліктің жүксалғышынан табылды
Оқиға Шортанды ауданында болған
Ақмола облысында жоғалған бала келесі күні автокөліктің жүксалғышынан ұйықтап жатқан жерінен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Шортанды ауданында болған. Бүгін таңертең Шортанды аудандық полиция бөліміне жүгінген жергілікті тұрғын 12 жастағы хабар-ошарсыз кеткенін айтып, ұлын іздеуге көмек беруді сұраған. Ер адамның айтуынша 29 қыркүйек күні кешкі сегіздер шамасында үйінен шығып кеткен бала сол күйі оралмаған. Түні бойы шарқ ұрып іздеген баланы еш жерден таба алмаған отбасы полицияға арыздануға мәжбүр болыпты.
«Баланы іздеуге дереу учаскелік инспекторлар мен ювеналды полиция қызметкерлерінен құрылған жедел тергеу тобы аттанған. Арызданушылардың мекенжайына жеткен соң полиция қызметкерлері алдымен аула мен жақын маңайларды шолып шықты. Үйдің ауласында істен шыққан автокөлікті ашқанда баланың қаннен-қаперсіз көліктің жүксалғышында әкесінің ескі фуфайкасын жамылып ұйықтап жатқан жерінен табылды», - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Баланың өміріне ешқандай қауіп төнбегені анықталып, жоғалған бала ата-анасына берілді.