Олардың бәрі Жедел медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді
Алматы қаласындағы бассейндердің бірінде 12-14 жас аралығындағы 11 бала уланып, Жедел медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген.
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайын айтты.
«Бассейнде жаттығу кезінде 12-14 жастағы балалар хлор буынан уланып қалған. Бәрінің жағдайы тұрақты, ауруханада арнайы бөлімге жатқызылған», - деп хабарлады.
Бассейн әкімшілігінің Tengrinews тілшілеріне берген жауабынлда суды тазартудың автоматтандырылған жүйесі жұмысында ақау болғаны айтылған.
«Бізде суды хлормен автоматты дезинфекциялау жүйесі істен шықты. Сол кезде синхронды жүзумен айналысатын қыздар тобы суда сабақ өткізіп жатқан. Бассейнде 17 адам болды, 5-10 минут ішінде жаттықтырушылар хлордың иісін сезген.
Балаларды бірден судан шығарып, олар жөтеле бастағандықтан жедел жәрдем шақырылды. Жеті баланы дәрігерлер тексеріп, ата-анасымен үйіне жіберді, ал қалған 10 қыз ауруханаға жеткізілді. 11-қыз топта оқымайды, бірақ зардап шеккендердің бірінің әпкесі және ол бірге келген. Олармен ауруханаған бапкер барған, ол «жеті баланың жағдайы орташа ауыр, тағы үшеуінің жағдайы жеңіл» екенін айтты», - деді бассейн желісінің менеджері Әлішер Нұрғожаев.
Сондай-ақ, ол дезинфекция жүйесіндегі ақау дереу анықталып, жойылғанын айтты. Әкімшілік мәліметінше, санитарлық қызмет кеше осы бассейнге тексеру жүргізген және ешқандай заңбұзушылық анықталмаған. Бассейн басшылығы барлық орталықтағы жабдықты тексеретінін айтты.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тергеуінің алдын ала мәліметіне сүйенсек, бассейн өкілінің айтуынша, бір апта бұрын құрылғы істен шығып, суды хлорлауға арналған жаңа қондырғы орнатылған.