Тексеру кезінде мекемеде 23 ойыншы болды
«Ойын бизнесі туралы» ҚР заңының 11-бабына сәйкес Қазақстан аумағында заңда белгіленген орындардан тыс казино және ойын автоматтарының қызметіне тыйым салынған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері Алматы қаласындағы монша кешендерінің бірінде орналасқан астыртын казино қызметінің жолын кесті.
Тексеру кезінде мекемеде 23 ойыншы, сондай-ақ қызмет көрсетуші персонал болғаны анықталды.
Қызметкерлер шұға, түрлі номиналдағы ойын фишкаларын, колодадағы пластикалық карталарды тәркіледі.
Сонымен қатар, астыртын казинода тек тұрақты клиенттерді өткізу жүйесі жасалған. Ойыншылардың қаражатын қабылдау казино ұйымдастырушыларының карта шотына аудару арқылы жүзеге асырылды.
Қазір заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды.