Аталған фактілерге қатысты тексеру жүргізілуде
Павлодар облысында бірнеше жол апаты болды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15 қыркүйек күні Павлодар қаласында Малайсары батыр көшесі бойында "Land Rover" автокөлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 30 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші ауруханаға жеткізілді.
«Сол күні Тереңкөл - Михайловка автожолында "Тойота Камри" және "Ваз-2112"соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 1976 және 1985 жылдары туған "Ваз-2112" автокөлігінің жолаушылары жарақатпен ауруханаға жеткізілді», - дейді департаментте.
14 қыркүйек күні Долгое ауылының жанындағы Павлодар – Семей автожолында мотоциклдің 37 жастағы жүргізушісі көлікті басқара алмай, аударылып қалған.
Жол апаты салдарынан 38 жастағы жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.