Түркістанда оқушыларға берілген киімдер ересектердің өлшемі болып шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Аналар бюджеттен бөлінген қаржыға кедей-кепшікті келеке қылған шенеуніктерге өкпелі

 

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға ересек адамдарға арналған киімдер үлестірілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.

Мектеп оқушыларына берілген костюм-шалбар мен аяқ киімдердің өлшемі әлдеқайда үлкен. Осыған ренжіген отбасы бүгін әкімдікке барды. 7 баласын жетектеген ана бюджеттен бөлінген қаржыға кедей-кепшікті келеке қылған шенеуніктерге өкпесін жеткізді. Тіпті тізеге түсетін костюм мен қолқылдаған аяқ-киімді киіп көрсетті.

Балдақсыз жүре алмайтын 1-ші топтағы мүгедек Гүлшат Вафаеваның 10 баласы бар. Оның 7-уі мектеп жасында. Сабаққа киетін киімді мемлекеттің өзі әпереді деген соң биыл білім бөліміне келіп, ұл-қызының өлшемдерін берген екен. Бірақ 1 қыркүйек күні түнде келген киімдерді көргенде қорлыққа шыдамай жылап жібердім дейді. Себебі, мектеп формасының өлшемдері өте үлкен. Ызаға булыққан ана 7 баласын жетектеп Қазығұрт  аудандық әкімдігіне келді.

«Қорлық емей не, айтыңызшы.  1 қыркүйек күні балалар мектепке бара алмады. Мен бар уақытымды аудандық әкімдікте өткіздім. Балам 1-сыныпқа баруы керек еді. Анашым, гүл әперіңізші деген болатын. Мына киімдер үлкен, яғни киімі болмағаны үшін бара алмады», - дейді көпбалалы ана Гүлшат Вафаева.

Киімдерді әкімнің өзіне көрсетпек болған еді. Бірақ аудан басшысы түгілі, орынбасарлары да төбе көрсеткен жоқ. Білім бөлімінен келген шенеуніктің көзінше ұлдарын киіндірді. Сөйтсе костюмдері үлкен. Ал туфли тіпті қолқылдап тұр. Мектеп формасын әр балаға шақтап беруі тиіс жауаптылар оқушының осылай алқам-салқамы шығып жүретінін ескермеген.

Оқушылар формасының оқушылардың өзіне тым үлкен екені айтпай-ақ көрініп тұр.

Костюм-шалбардан бөлек, берілген сөмкелердің сапасы да сын көтермейді. Қолға ұстаса бөлшектері сынып жатыр. Ал қыздарына мектеп формасы бұйырмаған да. Соның салдарынан «Киім алмаңдар, мемлекеттен беріледі» деген сөзге сеніп, қыздары кеше мектепке спорттық футболкамен барған. Ал жауаптылар бар кінәні ата-аналардың өзіне арта салды.

«Баланың тізімі бізде болғанда біз оны мердігерге беретін едік. Оның үстіне размер жинақтау да оңай емес. Мысалы, бір ата-ана басқа жақта жүреді, размерін бер десең,  мұнша дейді. Оны кейін ауыстырады. Солай болды да бір апта ішінде. Біз басында бұл кісілерге айтқанбыз. Егер кімге дұрыс келмесе, біз сол жерде ауыстырып береміз дегенбіз. Бірақ бүгінгі күнде ондай ата-аналар бізде көп емес», - дейді Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының орынбасары Әлия Егізек.

Киімдердің үлкендігінен бөлек, сөмкелердің сапасына да көңілі толмаған шенеунік ұялған болуы керек әкімдіктен көпбалалы отбасымен бірге киімдерін көтеріп шықты. Сөйтіп, қоймаға барып, өлшемі кең киімдерді шақ келетін костюмге ауыстырып берді. Тіпті жомарттығы ұстап, қыздарға да мектеп формасын алып беруге уәде етті.