Ақтөбедегі «Даму» қорының ғимараты құлады
Зардап шеккен әйел жансақтау бөлімінде қайтыс болды
Ақтөбе қаласындағы «Даму» қоры филиалының ғимаратында шатыр мен екінші қабат құлап қалды. Салдарынан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» филиалының қызметкері қатты зардап шегіп, жансақтау бөлімінде қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, 1988 жылы туған М. есімді әйел қатты зардап шегіп, ауыр халде жансақтау бөліміне түскен. Науқастың бірнеше қабырғасы сынып, жабық ми жарақатын алған.
ТЖД баспасөз қызметінен хабарлағандай, кеше 19 сағат 25 минутта екінші қабатқа төтеп бере алмаған шатырдың құлауы туралы хабарлама келіп түсті. Төтенше жағдай орнына құтқарушылар жедел жетіп, қирап қалған ғимарат астынан барлығы 5 адамды шығарған.
«Себебін мамандар анықтайды. Істің барлық материалдары полицияға тапсырылды», - дейді Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Гүлжанат Нағиметова.
Бұл жағдайға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Құлағаннан кейін ғимарат аумағын біздің қызметкерлер қоршап алды, оқиға орнына алдын ала тексеру жүргізілді. Нәтижесінде ҚР ҚҚ 156-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.
Айта кету керек, бұл ғимарат кеңсесін жалға алған бірнеше ірі ұйымның жұмысы тоқтап қалды. «Даму» және АШҚҚҚ-дан («Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры») басқа, бұл жерде «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалы, «КТ Алға» ЖШС, сондай-ақ жеке нотариус және бағалау компаниясының кеңсесі бар.