Алматыда тісін емдетуге барған бойжеткен стоматологияда көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

22 жастағы алматылық үйлену тойының алдында қайтыс болды

көрнекі фото

Алматыдағы стоматологиялық клиникалардың бірінде көз жұмған 22 жастағы қыздың қазасына байланысты полиция тергеу амалдарын бастады. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де істі өз назарына алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қайғылы оқиға бейсенбі, 26 тамызда болған. Instagram желісіндегі Zhaloby Almaty аккаунтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Мария есімді тұрғын демалысқа шығып, үйлену тойының алдында тісін емдетпекші болған. Ол даналық тісін жұлу үшін клиникаға барған. Консультация нәтижесінде Марияға бірден төрт тісін жұлып тастауы қажет деген шешімге келген. 

Қызға дәрігерлер толық анестезия берілетінін айтқан. Ол келіскен. Тест тапсырғаннан кейін науқас стоматологиялық орындыққа жатқан. Алайда, 6 сағаттан кейін туыстары оның қайтыс болғаны туралы хабарды естіген.

Клиника қызметкерлері науқас инъекциядан кейін анафилактикалық шок алғанын айтты. Екі сағат бойы оны шоктан шығару үшін дәрігерлер күрескен. Алайда, оның бәрі сәтсіз аяқталған. Айта кетерлігі, стоматологияға жедел жәрдем шақырылмаған. Мұны клиникада өзінің реанимациялық бөлімшесі бар себебімен дәрігерлер түсіндірді.

29 тамызда Мария үйлену көйлегімен жерленді.

«Клиникадан көңіл айту үшін келді. Дәрігерлер Марияның ата-анасына бір қорап ақша әкелді. Әкеміз ақшаның қажеті жоқ екенін айтқан соң, дәрігерлер ақшасын алып кетті», - делінген жазбада.

Бұл іс бойынша полиция тергеу амалдарын бастады. Алматы ПД баспасөз қызметі стоматологиялық клиникадағы процедура кезінде қыздың қайтыс болу фактісі ҚР ҚК 317-бабы, 3-бөлігі (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің абайсызда өлімге әкеп соққан кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін хабарлады.

Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді М. Әуезов ауданының полиция басқармасы жүзеге асырады. Тергеу бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де істі өз назарына алды.