Тағы екі адам іздестіріліп жатыр
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі базасында болған жарылыстан қаза тапқандар саны 14 адам болды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Оқиға 26 тамызда кешкі сағат жетілер шамасында болған еді. Оқ-дәрілер сақталған қоймада алдымен өрт шығып, артынша бірнеше жойқын жарылыс болған. Қаза тапқандардың жартысы әскерилер болса, қалғаны - өрт сөндірушілер.
«Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандар саны он төрт адамға жетті. Қорғаныс министрлігінің саперлері оқиға орнынан тағы бір адамның денесін тапты. Оның жеке бас мәліметтері анықталуда», - деп хабарланған ТЖМ таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыстан қаза тапқандарды ерлігі үшін марапаттады.