Байзақ ауданында жарылыс тоқтады, бірақ өрт жалғасуда
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараз маңындағы оқ-дәрілер қоймасында өрттің әдейі ұйымдастырылғаны туралы нұсқаны жоққа шығармады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Оқиғаның себебін құрылған жедел-тергеу тобы анықтап жатыр. Біз алдын ала болжам бойынша түрлі себептерді жоққа шығармаймыз. Бұл қауіпсіздік талаптарын бұзу, өздігінен жану, химиялық реакция болуы мүмкін. Сондай-ақ қасақана нұқсан келтіру немесе диверсия болуы мүмкін», - деп хабарлады Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев брифинг барысында.
Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінің инженерлік оқ-дәрілер қоймасында болған оқиғаға қатысты түсіндірмесінде жалғасып жатқан өрттің салдары туралы айтылды.
«Уақыт өте келе жарылыстар тоқтады, алайда өрт жалғасуда. Сонымен қатар, бірқатар инженерлік оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар жанып, жарылыс, дүмпулер, ауқымды жалын мен қатты дыбыстық әсер тудыруы ықтимал», - делінген хабарламада.
Байзақ ауданындағы әскери бөлім мен инженерлік оқ-дәрілер қоймасы 1972 жылдан бері бар. Арыс қаласындағы өрт салдарын жойғаннан кейін 2019 жылдан бастап осы қоймаға инженерлік оқ-дәрілердің бір бөлігі шығарылған. Бұл оқ-дәрілер қоймасында алыс қашықтықтағы іс-қимылға арналған снарядтар жоқ.
«Инженерлік оқ-дәрілер қоймаларда сақталады. Онда жер асты қоймалары жоқ. Аталған әскери бөлімде оқ-дәрілердің басқа түрлері (артиллериялық, реактивті, зениттік, зымырандық, атыс) сақталмайды», - делінген Қорғаныс министрлігі хабарламасында.