Алатау ауданының әкімдігіне кірмек болған журналисті күзетшілер күштеп шығарып жіберді
Әкімдік жұмысшылары тарапынан әлімжеттік көрген журналист полицияға арызданды
Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтен сұхбат алмақ болған журналисті күзетшілер көтеріп алып, далаға лақтырып жіберген. «Хабар 24» арнасынан эфирге шығатын «Әкім» бағдарламасының жүргізушісі Ақбөпе Тәңірберген полицияға арызданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жеделсатыға кіріп бара жатқан журналисті көтеріп алып, далаға шығарып жіберген аудандық әкімдік күзетшісінің әрекеті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде желдей өсіп жүр. Мұндайды күтпеген тілші видеожазбада жасқа булығып, осылай жұмыс істейтін әкімдікті алғаш рет көріп тұрғанын айтады.
«Таңертеңнен ауданды аралап, халықтан сұхбат жаздық. Жергілікті проблемалар туралы сұрап білдік. Соған жауап алуға әкімдікке бардық. Әкім орнында жоқ екен. Бізбен тілдескен мамандар оның сыртта жүргенін айтты. 17.30-да әкімдікке келетінін де жеткізді. Уәделі уақытта, уәделі орынға келдік. Шенеунікті сол қалпы көру мүмкін болмады. Қызметкерлер «Ашық әкімдікке» бар деп, сол жаққа жол сілтеді. Онда бір адам ғана отыр екен. Біраздан соң қайтадан аудан әкімі келер деген үмітпен тағы да әкімдік алдына бардық. Аппарат жетекшісі шығып, әкімнің жоқ екенін айтты. Ең құрығанда, орынбасарлардан сұхбат алу мақсатында олардың сыртқа шығуын өтіндім. Күте-күте нәтиже болмағандықтан өзім ішке кіруді ұйғардым. Турникеттен өтіп, жеделсатыға кіре бергенде мені күзетші көтеріп алып, далаға лақтырып жіберді», - деді Ақбөпе Тәңірберген.
Әкімдік жұмысшылары тарапынан әлімжеттік көрген журналист полицияға арызданған.
«Күзетшілер карантин болғандықтан шошып кетіп, мені далаға шығарып жібергендерін айтыпты. Мен маска таққан болатынмын. «Ашық» қосымшасы бойынша тексерсе де, статусым – «жасыл». Бірақ мен ол жерден штрихкод көрмедім», - деді журналист.
Эльмира Мәмбетқызы