Той иесіне қатысты іс-құжаттар жинақталып, тиісті орынға жолданды
Түркістан облысында 50-ден астам адамды жинап, «Құдалық» тойын жасағандар анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазығұрт ауданының полицейлері әкімдік тарапынан құрылған арнайы мобильдік топтармен бірлесіп, аудан аумағында карантин талабының сақталуы бойынша күні-түні қарқынды қызмет атқаруда. Ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ рейдтік-профилактикалық шараларды іске асыруда. Осындай кезекті тексеріс кезінде полицейлер, казығұрттық тұрғынның үйінде болып жатқан «Құдалық» тойын анықтады. Тойға 50-ден астам қонақ жиналған», - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.
Осыған орай, мобильдік топ келген қонақтарға адамдар көп жиналатын орындарға бармауын, той-жиындарға қатыспауын ескертіп, тойды тоқтатқан.
Той иесіне қатысты іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін тиісті орынға жолданды.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде, коронавирус індетінің қайта өршуіне байланысты карантин талабын қатаң сақтап, той-жиындарды мүлдем жасамауға кеңес береді. Егер мұндай жайттар анықталса, тиісті жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.