Елордада вакциналау паспортын қолдан жасады деген күдікпен ер адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды

скриншот: видео

Елордада полиция өкілдері вакцина паспортын қолдан жасап, оларды сатпақ болған 28 жастағы ер азаматты ұстады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Алдымен тәртіп сақшыларының назарына кез келген үлгідегі құжат дайындауды уәде еткен ер адам ілінген. Ол қала тұрғындарына вакциналау паспортын 20 күн ішінде дайындап беруді ұсынды. Тапсырыс берушілер бұл қызметтің ақысын алдын ала төлеуге тиіс болған.

Ер адам жұмыс орнының жанында 50 мың теңге көлеміндегі ақшаны алу үстінде ұсталды. Күдіктінің айтуынша, ол осылайша ақша таппақ болған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір вакциналау паспортын сатып алу үшін аталған азаматқа жүгінген адамдардың саны анықталуда.