Елордада жасөспірім дүкен сатушысын пышақпен қорқытып тонап кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктінің бұрын қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылғаны анықталды

 

 

 

Елордалық полицейлер дүкендегі сатушыға қарақшылық шабуыл жасаған жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның «102» арнасына күндізгі уақытта дүкендердің бірінен белгісіз жігіттің сатушыны пышақпен қорқытып, 100 мың теңге ақша алып кеткені туралы қоңырау түскен. Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізу нәтижесінде күдікті «ізін суытпай» ұсталды. Тергеу барысында 17 жастағы жігіттің дүкенге кіріп, сатушыдан сатылымға қойылған ас үй пышағын көрсетуді сұрағаны анықталды. Пышақты қолына алған ол сатушы әйелді қорқытып, ақша талап еткен. Әйел жасөспірімнен пышақты тартып алуға тырысқан. Алайда осы сәтте күдікті оны қолынан жарақаттап, кассадағы ақшаны алып, қашып кеткен.

Қаскөйді патрульдік полиция полкінің қызметкерлері ұстады. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің полиция есебінде тұрғаны және бұрын қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылғаны анықталды.

«Дүкенде бейнебақылау камералары болған жоқ. Бірақ сатушы күдіктінің белгілері мен киімдерін есіне сақтап қалған. Шұғыл түрде бағдарлау жасалды. Жедел уәкілдер күдіктінің нақты белгілерін анықтады. Күдікті отырған такси көлігі анықталып, ол ұсталды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дмитрий Демидов.

Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.