Таразда кафе алдында тұрғынды пышақтап кеткен ер адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Тергеу барысында күдікті өзінің кінәсін толық мойындады

Таразда кафе алдында тұрғынды пышақтап кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

15 тамыз күні сағат 21:30 минут шамасында Тараз қаласының 23 жастағы тұрғыны кафелердің бірінің жанынан өтіп бара жатып, сол кафеден шығып бара жатқан ер азаматқа бұзақылық ниетпен тиісіп, жанжал шығарған. Соның нәтижесінде. күдікті жәбірленушінің жүрегіне пышақпен жарақат салып, оқиға орнынан бой тасалаған.

«Алған дене жарақаттары салдарынан жәбірленуші Тараз қаласының ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде күдікті «ізін суытпай» ұсталды», - делінген ПД хабарламасында.

Тергеу барысында күдікті өзінің кінәсін толық мойындады.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі 99-бабымен, яғни адам өлтіруге оқталумен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде «күзетпен ұстау» қолданылып, тергеу судьясымен санкцияланды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.