Сараптама Алматы қаласында жүргізіледі
Оралдық Кәкима Қажипанова қызын 18 жерден пышақтап өлтірген қылмыскер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. Өйткені тергеу амалдары төрт ай өтсе де, әлі аяқталмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Әрі «Бұрынғы күйеу баланың қызыма көрсетпеген қорлығы жоқ, әйелін ұрып-соғуды әдетке айналдырған жігіттің оны өлтіруге дайындалғаны анық» дейді.
«Үйге келгеннен кейін қызым айтты: «Біз екеуміз екі түрлі адамбыз, мама. Маған қол жұмсайды, түнімен ұйықтатпаған күндері болды отырғызып қойып. Аяқ жаққа отырғызып қойып, ұйықтап бара жатсам аяғымен түртіп оятады» деді. Жұмыстан сәл кешігіп қалса, автобуспен келеді ғой. Кейде дүкенге соғады. Сондайда есікті кілттеп қояды дейді. Сонда талай жаңбырда, желде, боранда сыртта жүрген шығар, соның бірін де айтқан жоқ қой. Келісетін шығармыз деп ойлаған сияқты», - дейді марқұмның анасы Кәкима Қажипанова.
Ал Полиция департаментінің дерегінше, адам өлтірді деген күдікпен Орал қалалық әкімдігінің бұрынғы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ тергеу барысында кейбір мәселелерді нақтылау үшін арнайы сараптама тағайындалып, күдікті Алматы қаласына жіберілген.
«Сараптаманың қорытындысына сәйкес, бұл жерде тергеудің қойған сұрақтарына жауап алу мүмкін болмады. Сондықтан стационарлық режимде психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізуге шешім қабылданды. Ол Алматы қаласында жүргізіледі. Ендігі сараптаманың нәтижесін күтудеміз», - деді БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиева.
Күдіктінің қорғаушысы «Ол бұрынғы әйелінің жұмысына барып, балаларының болашағын ақылдасқысы келді, оны өлтіру ойында болған жоқ» дейді.
«Пышағы қалтада жүретін сувенирлік пышақ. Міне, сот-дәрігерлік сараптамасы бойынша 4 рет кеудесінен пышақ салған. Ал басқа 13-інің бәрі - жеңіл жарақат! Қазір мен сізге Жоғары соттың қаулысын көрсетемін. Бүкіл жарақат салғаны бар ғой, 30 секундтың ішінде. Ал енді анадай қатыгездікпен жасау үшін оған уақыт керек. Сарапшылар қылмыстың қандай жағдайда жасалғанын анықтап жатыр. Яғни күдіктіге қандай баппен айып тағылатыны нақтыланады», - дейді күдіктінің қорғаушысы Ғинаят Салықов.