Павлодарда күйеуі өртеп жіберген әйел қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Әйел күйеуінің үстінен арыз жазудан бас тартқан болатын

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Розовка ауылының тұрғыны ауруханада көз жұмған. Бұған дейін дәрігерлер оның жағдайының ауыр екенін айтқан болатын.

«Науқастың жағдайы соңғы күндері нашарлап кетті. Осыған байланысты ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған болатын. Өкінішке қарай, әйел бүгін қайтыс болды», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 34 жастағы әйелді ішімдікке тойып алған күйеуі өртеп жіберген. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ерлі-зайыптылар оқыс оқиғаға дейін өзара ұрысқан. Кейін әйелі мас күйінде көлік тізгіндемек болған күйеуіне рұқсат бермеген. Ол тоңазытқышта тұрған спиртті алып, әйеліне шашып, от қойған.

Жәбірленгеніне қарамастан, әйел күйеуінің үстінен арыз жазудан бас тартқан. Алайда, құқық қорғау органдары арнайы бап бойынша (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Бұл жағдайға қарамастан, отбасының көршілері ерлі-зайыптылардың тату болғанын айтады. Олардың ортақ үш баласы бар. Қазір олар атасы мен әжесінің қолында.