ШҚО-да сериялық интернет-алаяқтары ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілерге қатысты алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды

Шығыс Қазақстан облысында интернет-алаяқтар ұсталды, деп хабарлайды Semey News.

ШҚО ПД баспасөз қызметінің берген мәліметтері бойынша, «Anti-fraud» (Fraud (англ.) – алаяқтық) республикалық жедел-прафилактикалық іс-шарасы барысында Интернет желісінде алаяқтықпен айналысқан облыстың екі тұрғыны ұсталған.

Анықталғандай, 30 жасар қаскүнемдердің бірі интернет желісіне соңғы үлгідегі ойын приставкасын төмен бағамен сату туралы фейктік хабарлама орналастырған. Оған шынайы ойын приставкасының фотосуреттерін қойған. Сонымен қатар ол приставка сатылғалы тұрғанына сендіріп, егер тауарды бірінші болып алғысы келсе, дереу есепшотына алғашқы төлемді аудару керек екенін айтқан. Ақша түсе салысымен алаяқ пайдаланылған мобильді нөмірді өшіріп отырған. Осылайша ол еліміздің түрлі аумақтарында тұратын 9 адамды алдаған.

Өз кезегінде екінші қаскүнем ақша табудың басқа тәсілін ойлап тапқан. Ол интернет желісіне несие рәсімдеуге көмек көрсетемін деген хабарлама орналастырған. Сенгіш азаматтарды тауып, олардан тиісті құжаттарын – жеке куәліктерін, сондай-ақ банк карталарын және басқа да тиісті құжаттарды алған. Одан кейін ол солардың атынан онлайн-несиелер рәсімдеген және берілген қаражатты өз қалтасына басқан. Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарына 12 жәбірленуші белгілі, алайда олардың саны тергеу амалдары барысында өсуі мүмкін.

«Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі – алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Екі күдікті де уақытша қамау изоляторына қамалды, тергеу жүргізілуде», – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Республикалық профилактикалық іс-шара ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін жалғасады.