Қостанайда 2 жасар бала құдыққа құлап кетті
Тереңдігі сегіз метр құдықтан нәресте аман-есен шығарылды
Кеше, 10 тамыз күні Қостанай облысы Садчиковка ауылында жеке секторлардың бірінде тереңдігі 8 метрлік құдықтың ұңғымасына 2 жасар бала құлап кетті. Оқиға сағат 17:25-те болған. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
«Бала 3,5 метр тереңдікте кептеліп қалған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар сәбидің тыныс алып жатқандығына көз жеткізген. Олар жедел түрде шұңқырға оттегі жіберіп, баланы шығарып алу мақсатында ұңғыманың жанынан тағы шұңқыр қазған. Құтқарушылар қолы ғана көрініп тұрған баланы арқанның көмегімен шығарып алды», - деп хабарлады Талғат Уәли.
Құтқару операциясына 9 құтқарушы мен 2 бірлік техника жұмылдырылды. Көмекке жергілікті ауыл тұрғындары да келген.
«Баланы құтқару жұмыстары сағат 19:20-да аяқталды. ТЖМ ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Төтенше жағдай туындаған кезде "112" немесе "101" нөміріне қоңырау шалуды еске саламыз», - деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.