Алматыда жанармай құю бекетін тонаған күдікті кассирдің желкесіне пышақ сұғып кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Көп қан жоғалтқан касса қызметкері қазір ауруханада жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Қалалық полиция департаменті қаладағы жанармай құю бекетінің кассиріне шабуыл жасаған күдіктіні ұстады. Кассадағы ақшаны алып, Жамбыл облысына қашып кеткен қарақшы өз досын ауыр жаралап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Демалыс күндері Wats app желісі арқылы төсекте желкесіне пышақ сұғылған, бірақ тірі жатқан адам бейнеленген видео тараған болатын. Қанға боялған бөлме қаладағы жанармай құю бекеттерінің бірінің кассасы екені белгілі болды. Алматы қаласы полиция депараментінің берген ақпаратына қарағанда, жәбірленуші мекемеде кассир-күзетші ретінде жұмыс істеген. Оған сол күні 40 жастағы танысы қонаққа келген. Алайда ақша беруден бас тартқан азаматқа дәл желкесінен пышақ тығып, кассадан 40 мың теңге алып кеткен, дейді Жетісу аудандық полиция басқармасының басшысы Дархан Мұсанов. 

Жаранай құю станциясында қансырап жатқан азаматты көлік жүргізушілер байқап, жедел жәрдем қызметін шақырған. Көп қан жоғалтқан касса қызметкері қазір ауруханада жатыр.

Күдікті Жамбыл облысының полициясымен бірге жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтижесінде құрықталып, Алматы қалалық уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Оған ҚР ҚК 192 бабы 2 бөлімі 4 тармағымен іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы