Алматы тауларының бірінде турист көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Құтқарушылар ер адамның денесін таудан түсіріп, полицияға тапсырды

 
Фото: travel247.ru

Алматы тауларының бірінде 61 жастағы турист қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша оның өліміне жүрек ұстамасы себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 7 тамыз күні «Көкжайлау» шатқалынан 200 метр төменде, Медеу ауданына қарасты аумақта болған. Құтқару қызметіне хабарласқан туыстары марқұмның жүрек ұстамасы ұстағанын хабарлаған.

«1740 метр биіктікке жаяу көтеріле отырып, құтқарушылар сағат 12:30-да оқиға орнына жетті. Олар 1960 жылы туған ер адамның қайтыс болып кеткенін анықтады. Сағат 15:52-де құтқарушылар ер кісінің денесін түсіріп, полиция қызметкерлеріне тапсырды», - делінген Алматы ТЖД хабарламасында.

Сондай-ақ бірнеше сағат өткенде, яғни 18 :35-те ТЖД пультіне Бостандық ауданында 16-21 жас аралығындағы 4 қыз-келіншектің жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.

«Дереу құрамында 5 адам, 1 бірлік техника бар құтқару қызметінің құтқарушылары жіберіліп, олардың геолокациясы анықталды. Құтқарушылар Алмарасан шатқалында жоғалған адамдармен байланысқа шықты. Ал сағат 19: 50-де құтқарушылар жоғалғандарды қарсы алып, бекетке дейін аман есен өткізіп жіберді. Қыз-келіншектер медициналық көмекке жүгінген жоқ», - делінген хабарламада.

Алматы қаласының ТЖД туристерден таулы аймаққа шыққан кезде қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды:

- Тауға барарда өз күшіңізді бағытқа байланысты дұрыс есептеңіз. Дайындық деңгейі бойынша бағытты таңдаңыз.

- Тауға барар алдында жақындарыңызға нақты бағытты айтыңыз. Туыстарыңыз сізді қайда іздеу керектігін білуі керек.

- Тауларда соқпақтан шықпаңыз. Жолды қысқартуға тырыспаңыз.

- Егер бағыт бойынша көтірілу қиындаған жағдайда, артқа қарай төмен түсіңіз. Ең бастысы-оралу.

Құтқару қызметінің нөмірі – 109.