«Таразэнергоцентр» АҚ коммуналдық қызметтер бағасын негізсіз көтермек болған

Автор: Azattyq Rýhy

Іс бойынша тергеп-тексеру жүріп жатыр

Фотог: ашық дереккөзден

Таразда коммуналдық қызметтер бағасын негізсіз көтермек болғандар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

«Агенттік «Таразэнергоцентр» АҚ-ның басшылығына қатысты жабдықты жөндеуге жалған жұмсалған 2,2 млрд теңгені жымқыру дерегі бойынша жүргізілген тергеп-тексеру шеңберінде «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңын бұзу қосымша деректерін анықтады», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, Акционерлік қоғам 2022-2026 жылдары жылу энергиясы құнының тарифтерін тұрғындарға 2 есеге, бюджеттік ұйымдарға 3,6 есеге және заңды тұлғаларға 3,2 есеге арттырмақ болған. Монополист тарифтердің көтерілуін ЖЭО-4 жабдығын жөндеуге жұмсалған шығындардың ұлғаюымен түсіндірді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Акционерлік қоғамның тарифтерді ұлғайту туралы өтінімін Жамбыл облысы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті қабылдамай, сол арқылы облыс тұтынушыларының шектелмеген тобының құқықтары қорғалып қалды.

«ҚР ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды. Іс бойынша тергеп-тексеру жалғасуда», - деді ҚР ҚҚА баспасөз қызметінен.