Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Елорданың мониторингтік топтары бірнеше айдан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Күн сайын қаладағы 100-ден астам кәсіпкерлік нысанда карантин талаптарының сақталуы тексеріледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Мәселен, өткен екі күнде, яғни 3 және 4 тамызда мониторингтік топтар 16 мекемені әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Алматы ауданында «Рыба моей мечты» караоке-клубы карантин режимін бұза отырып жұмыс істеді. Ертеңінде мұндай бұзушылық «Mansion» караоке-барында да анықталды.
Маска режимін бұзу, әлеуметтік қашықтық пен карантин режимін сақтамау Байқоңыр ауданының 4 мекемесінде анықталды. Бұл "Әмір" базары, "12 ай" дүкені, "Boroda" және "Muller" барлары. 4 тамызда тағы екі мекеме — "Small" дүкені және "Мята" лаундж бары бас дәрігердің бұйрығын сақтаған жоқ.
Сарыарқа ауданында 2 күн ішінде мониторингтік топтар "Самұрық" кафесі мен "Семейная" моншасында, сондай-ақ "Шашлык на набережной" және "Playstation Club" кафелерінде заңбұзушылықты анықтады.
Жұмыс режимін бұзу, жаздық кафелердің жұмыс істеуі, келушілер мен әкімшілік қызметкерлерінің бетперде режимін сақтамауы, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтамау Есіл ауданындағы "Lavash Food" фаст-фуд пунктінде, "Панаехали", "баХабаг" барларында және "Gold Game" компьютерлік клубында анықталды.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда, тәулік сайын қалада КВИ жұқтырудың 1300-ден астам жағдайы анықталады, коронавирустың орташа және ауыр ағымы бар 300-ге жуық адам аурухана төсектеріне түседі. Осыған байланысты елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды және карантин режимінің талаптарын мүлтіксіз сақтауы, адам көп жиналатын орындардан аулақ болуы тиіс. Шектеу шараларын сақтамау және оған тиісті деңгейде қарамау коронавирус індетінің өршуіне алып келеді.