Кәмелетке толмағандардың ата-аналарға қатысты әкімшілік іс қозғалды
Павлодар облысында автокөлік пен мопед соқтығысып, екі жасөсіпірім ауруханаға түсті. Жол-көлік оқиғасы Павлодар ауданының Луганск ауылында Советов - 50 Лет Октября көшелерінің реттелмейтін қиылысында болған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
"ALFA" мопедінің 13 жастағы жүргізушісі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз қиылыстан өту ережелерін бұзып, автокөлікпен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған жүргізуші мен мопедтің 15 жастағы жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды, - деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың жүргізу дағдылары мен көлік басқару құқығы жоқ екені анықталды.
Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша жүргізілген тексерістен басқа, балалардың заңды өкілдерінің жауапкершілігі туралы мәселе кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады. Сондай-ақ, ата-аналарға қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Полицейлер жол қозғалысы ережелерін сақтау керектігін ескертеді. Ал ересектер, көлік құралын, әсіресе мопедтер мен жеңіл мотоциклдерді басқаруды балаларға тапсырмас бұрын олардың санаттары мен рұқсат етілген түрлерін білуі керек.