Павлодарда көшелер мен саябақтарда спирттік ішімдік ішкендер жауапқа тартылып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Қала көшелерінде спирттік ішімдік ішкені үшін 5400 адам жауапқа тартылды

Фотог: ашық дереккөзден

Павлодарда көшелер мен саябақтарда спирттік ішімдік ішкендер жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қоғамдық жерде мас күйде болу - бұл қоғамдық тәртіпті бұзу. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың едәуір бөлігі алкогольдік ішімдіктің салдарынан жасалады.

«Жыл басынан бері облыс аумағында қоғамдық орындарда мас күйде болған 5400 адам ұсталды. 1 тамыз күні «102» нөміріне Павлодар қаласының тұрғыны қоңырау шалып, подъездің жанында жастардың спирттік ішімдік ішіп отырғандығына шағымданды. Аталған жерге келген полицейлерден жастар қашпақ болғанымен тәртіп сақшыларынан қашып құтыла алмады», - деді полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Барлық тәртіп бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осындай фактіні тәртіп сақшылары кезекті патрульдеу кезінде Ертіс өзенінің жағасында анықтаған. Бұл жағдайда демалушылар жағалауда отырып ішімдік ішкен. Медициналық куәландыру олардың орташа мас күйінде екенін көрсетті. Сондықтан әрқайсысына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.