Шымкентте көлікпен адам қағып өлтірген күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті азамат өз кінәсін толық мойындап отыр

Шымкентте көлікпен адам қағып өлтіріп, ізін суытқан күдікті ұсталды. Бұған дейін марқұмның ұлы тергеудің созылып кеткенін айтып, әлеуметтік желі арқылы ел Президентінен көмек сұраған еді. Ол өзінің видеосында полицейлер жол-көлік оқиғасы орын алғанына қанша күн өтсе де қылмыс жасаған адамды таба алмай жатқанын айтқан болатын, деп хабарлайды otyrar.kz.

Оқиға 6 шілде күні Қазыбек би көшесінде орын алған. Тойота Камри көлігін тізгіндеген жүргізуші 1961 жылы дүниеге келген ер азаматты қағып кеткен. Ер кісі ауыр дене жарақаттарымен ауруханада жан тапсырды.

Күдікті  - 1991 жылы дүниеге келген жергілікті тұрғын. Қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал автокөлік анықталып, айып тұрағына алынды.

Күдікті азамат өз кінәсін толық мойындап отыр. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

«2021 жылдың 6-шілдесінде Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы Қазыбек би көшесінде белгісіз жүргізуші көлік құралын басқарып келе жатып, 1961 жылы туылған азаматты қағып кеткен. Аталған факті ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі және ҚР ҚК-нің 347-бабымен Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. 26.07.2021 жылы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент қаласының 1991 жылы туылған тұрғыны және «Toyota Camry» маркалы автокөлігі анықталып, ұсталды. Көлік айып тұрағына қойылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді Шымкент қалалық ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Мөлдір Бекеева.