Қазіргі уақытта облыстық әкімдік оқиғаның неден болғанын тергеуге кірісіп кеткен
Атырауда құрылысы аяқталмаған тутұғыр бағанасының бір бөлігі қатты желден құлап қалды. Зардап шеккендер жоқ, қазіргі уақытта комиссия оқиғаның себептерін анықтауда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Kastador» ЖШС мердігерлік мекеменің директоры Айдын Әлмұхаметовтың айтуынша, оқиғаның себептерінің бірі конструкцияның дәнекерленіп жалғанған бөлігінен болуы мүмкін.
«Тутұғыр конструкциясы 8 бөлімнен тұрады, әр бөлігі бекітілген, алдын ала тексеру нәтижесінде белгілі болғаны, дәнекерленген тұс ажырап кеткен екен. Тутұғыр конструкциясы Түркияда жасалғандықтан, жеткізуші бізге дәнекерленген дайын өнімді жіберді, біз оны өндірістік ақау деп санаймыз», - деді Айдын Әлмұхаметов.
Қазіргі уақытта облыстық әкімдік оқиғаның неден болғанын тергеуге кірісіп кеткен.
«Оқиғаны тергеу үшін ведомствоаралық комиссия құрылды, себеп неден болғанын анықтайды. Нысанның тапсырыс берушісі «Теңізшевройл» ЖШС және осы мекеменің қаржысына салынуда, құрылыс аяқталмады, нысан теңгерімге қабылданбады. Тергеу аяқталғаннан кейін жауаптыларға қатысты шаралар қолданылады. Бірде-бір адам зардап шеккен жоқ, жабдықтар мен құрылыс нысандары да зардап шеккен жоқ. Мердігер мекеме қалпына келтіру жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізеді», - деді Атырау облысы құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов.