Қазір сел тоқтап, жолдар тазартылды
Алматы облысының Кербұлақ ауданында нөсер жаңбырдан кейін қатты сел жүрді, деп хабарлады КТК.
Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сел 14 шілде күні сағат 16.00-ден 17.00-ге дейін Алматы облысы Кербұлақ ауданы Көксу ауылдық округінде болды.
«Көксу шатқалында жаңбыр мен бұршақ түріндегі қатты жауын-шашынның салдарынан балшық ағыны жүріп өтті. Осыған байланысты Көксу орман шаруашылығының бірінші кордонына апаратын жол жабылды. Қазір сел тоқтады. Жол тазартылды. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті күн сайын облыс аумағында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел болатыны туралы ескерту жариялайды.