Ол енді бала сүйе алмайды
Алматылық Надежда Нефедова өзге отбасы үшін бала тауып беремін деп, денсаулығынан айырылды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.
Надежда бұл қадамға ақша табу үшін барғанын айтады. Өйткені, үш баласын асырап, қирағалы тұрған үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін оған материалдық көмек керек болған.
«Бала сүйе алмай жүрген таныстарым бар, мысалы, олар менің балаларымды көргенде қызығатын. Әуел баста егер қолымнан келсе, неге тәуекелге бармасқа деп ойладым. Екінші жағынан, егер ондай адамдар маған ақша төлесе, ескі үйімді жөндегім келді, болмаса жаңа үйге көшемін деп ойладым. Міне, бар ойым осы еді», - дейді Надежда.
Көп ұзамай келіншек нәрестеге мұқтаж отбасын тауып, бағасын 4 млн теңгеге келіскен. Жүктіліктің алғашқы 5 айына дейін бәрі ойдағыдай болған. Алайда, коронавирус екі отбасының да арманын жарты жолдан үзді.
COVID-19 жұқтырған жүкті әйелге дәрігерлер үйде емделуге кеңес беріпті. Үйде ем қонбаған соң ол емханаға келіп анализ тапсырған. Анализ нәтижесін көрген дәрігерлер Надежданы дереу операция жасауға жіберген. Коронавирус аяғы ауыр келіншектің бірнеше ағзасын зақымдаған екен.
«Операциядан кейін операция болды. Дәрігердің айтуынша, менің бүйрегім де, бауырым да істен шығыпты. Өкпемнің 92% зақымданған. Сол күні 2 литр қан жоғалттым», - дейді Надежда.
Дәрігерлердің алдында таңдау болған: не ананы құтқарып қалу, не іштегі егіз баланы аман борсандырып, ана өмірін қатерге тігу. Осы сәтте суррогаттыққа тапсырыс берген отбасы әйелдің өмірін таңдап, егіздерден амалсыз бас тартыпты. Ал аман қалған Надежда Нефедова енді ешқашан бала көтере алмайды дейді дәрігерлер.