Мыңдаған киікті өлтіріп, мүйізін Қытайға сатумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Күдіктілерден 3 144 дана мүйіз тәркіленді

Қазақстаннан Қытайға киік мүйіздерін контрабандалық жолмен тасымалдаған қылмыстық топтың жолы кесілді деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі ҚР ҰҚК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күдіктілерді ұстау операциясы биыл 8 шілдеде Алматы облысында жүргізілген. ҚР ҰҚК мен Алматы облысы бойынша Шекара қызметі департаменті мамандары бірлесе жүргізген шара кезінде қылмыстық топтың мүшелері ұсталып, олардан 700 кг мүйіз тәркіленіп алынды.
Қылмыстық топ мүшелері жиналған мүйіздерді Қытайға контрабандалық жолмен сатуды ұзақ уақыттан бері кәсіп қылған. Соның салдарынан еліміздегі киік популяциясына айтарлықтай зиян келді. Осы соңғы операцияның өзінде күдіктілерден 3 144 дана мүйіз тәркіленген.
«ҚР ҚК 339-бабының 2-бөлігі («киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде құқыққа қарсы әрекеттің өзге де қатысушыларын анықтау, фигуранттарда киік мүйіздерінің қосымша партияларының бар болуы бойынша тергеу және жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде», - делінген ҰҚК таратқан хабарламада.