Өлтірілген екі баланың үлкені 7-де, кішісі – 5 жаста
Павлодар облысының Ақсу қаласында 35 жастағы әйел мен оның кішкентай екі қызын айуандықпен өлтірген күдікті ұсталды деп жазады Tengrinews.kz. Ер адам жанжал барысында келіншекті, артынан қылмысқа куә болған екі қызды пышақтап тастаған.
Марқұмның көршілері болса бұл күні ешқандай шуды естіген жоқпыз дейді. Қайтыс болған әйелдің есімі Зухра екен. Ол екі қызын жалғыз өзі асырап келген. Үлкені Гүлдана биыл бірінші сыныпқа баруы керек болған. Кішісі Раяна балабақшада.
«Зухра біздің үйде бір жылдан бері тұрып келген. Қыста ол ата-анасымен тұратын. Жаз келе үлкен кісілер қаланың сыртына көшіп кетті. балалары біздің балалармен аулада күніге ойнайтын. Жақсы адамдар еді... Оларды өлтіріп кетті дегенді естігелі әлі өзімізге келе алмай отырмыз», - дейді Жанболат есімді көршісі.
Қылмыс болған үйдің тұрғындары Зухраның үйінен ешқандай ер адамды көрмегендерін айтады. Марқұм сауда үйіндегі азық-түлік сататын бөлімде сатушы болып жұмыс істепті. Жұмыста болған уақытта қыздарға туыстары қарап қалған.
Қазіргі таңда бір отбасын айуандықпен қырып салды деген күдікті қамауға алынды. Оның жасы 36-да. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-тармағы және 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.