25 жастағы әйел 7 жылға сотталды
Ақсуда балабақша бухгалтері 14 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Іс қысқартылған тәртіппен ашық сот отырысында қаралды.
Тексеру материалдарына сәйкес, бір жыл ішінде балабақша бухгалтері 14 млн теңгеге жуық қаржыны жымқырған. Ұрлықты аймақтық ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықтады. Ақша азық-түлік жеткізушілері мен жұмысшылардың жалақысына арналған болатын.
Аудит материалдары Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.
Павлодар облыстық сотының сот кабинетінде жарияланған Ақсу қалалық сотының үкімінен «Балдырған» бөбекжайының бухгалтері өзінің жеке карт-шотына және өзінің әпкесінің шотына 13 438 508,6 теңге аударған.
Бұл ақшаны ол Ақсу және Павлодар банкоматтарында қолма-қол ақшаға айналдырған.
Осылайша бухгалтер өзінің жеке мәселелерін шешкісі келген. Бұл ақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізуді, кейін үйді сатқан соң ұрланған қаражатты қайтаруды жоспарлаған. Алайда, сатып алушылар жылжымайтын мүлікке ақы төлеуді кешіктірген соң қылмыс ашылған.
"Сот әйелді ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған бес жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. ҚК-нің 63-бабы негізінде тағайындалған жаза шартты деп есептелсін", - делінген үкімде.
Сот оның алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, тұрғылықты жері бойынша оң сипаттамаларын, жасын, сондай-ақ залалды толық өтегенін және сотталушының өкінуін ескерді.
Үкім заңды күшіне енді.