Жәндіктерді улауға арналған дәріні үйіне сепкен әйел 1 желтоқсанда ауруханаға түскен
1952 жылы туған әйелге дәрігерлер жедел медициналық көмек көрсеткенімен ажалдан арашалап қала алмады. Ауруханаға ауыр халде түсіп, жансақтау бөлімінде 18 күн жатқан әйел кеше көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Естеріңізде болса, жәндіктерді улауға арналған дәріні үйіне сепкен соң 67 жастағы әйел мен оның 31 жастағы ұлы 1 желтоқсан күні ауруханаға түскен. Науқастар әлсіреп, қан қысымы көтеріліп, басы айналып, тыныс алуларының қиындағанын айтып шағымданған.Толықтай тексерістен өткен соң қос науқастың да жәндіктерді өлтіретін дәріден уланғаны анықталып, бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Жан-жақты көмектің көрсетілгеніне қармастан ішкі құрылыстары күйіп қалған 1987 жылы туған жігіт 12 желтоқсан күні қайтыс болған еді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы