Қылмыс жасаған қыз шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айырылды
Көлік полицейлер ірі көлемде ұрлық жасаған ҚХР азаматшасын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөліміне Қазақстан Республикасының 40 жастағы азаматшасы арызданып келді. Ол «Эйр Астана» АҚ әуекомпаниясының «Пекин-Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе кемесінің ұшуы кезінде 4500 АҚШ доллары (1 744 290 теңгеге тең) ақшасының жоғалғанын айтты.
«Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында көлік полицейлері 1993 жылы туған Қытай Халық Республикасының азаматшасын анықтап, ұстады.Жеке заттарын тексеру барысында күдіктінің сөмкесінен 1 744 290 теңге көлемінде ұрланған ақша табылып, тәркіленді», - делінген хабарламада.
ҚХР азаматшасы кінәсін толық мойындады. Ұрланған қаражат жәбірленушіге толық көлемде қайтарылды.
Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотының үкімімен ҚХР азаматшасы ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігінің 3-тармағында (Ірі мөлшерде жасалған ұрлық) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.