Қызуы көтерілген қызына анасы қайта-қайта бас ауруының дәрісін ішкізе беріпті. Соның салдарынан баланың бауырына зақым келген
Алматы облысындағы 7 жасар қыздың өлімі дәрігерден емес, дәріден болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Евгения Игнатьева бірнеше күн бұрын қаршадай баласының ажалына дәрігерлерді кінәлаған еді. Алайда, 7 жасар Васелина Бражникованың парацетамолдың кесірінен ажал құшқаны анықталды. Қызуы көтерілген қызына анасы қайта-қайта бас ауруының дәрісін ішкізе беріпті. Соның салдарынан бауырына зақым келген.
«Баланың қан анализін алғаннан кейін, бауырдың зақымдалғанын көрсететін көрсеткіштердің шектен тыс жоғары екенін анықтадық. Баланың орталық жүйке жүйесі зақымдалған екен. Бала кома жағдайына түсіп кеткен. Соның бәрін байланыстыра отырып, Рей синдромы диагнозын қойдық», – дейді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Асқар Қалиев.
Васелинаға жасаған бірнеше тексеру Рей синдромы диагнозын растаған. Бұл жасөспірімдер сирек шалдығатын аса қауіпті ауру түрі. Яғни, дәрі сезімтал мүшелерге қарсы әсер беріп, ағзаның зақымдалуына әкеп соқтырады. Евгения Игнатьева қызына парацетамолды мөлшерден тыс берген. Сөйтіп қызуы түспеген Васелина бір аптадан соң іші ауырып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығып, ауруханада көз жұмған.
Қайғыдан қан жұтқан анасы кішкентай қызының өлімі үшін жедел жәрдем қызметкерлерін кінәлаған еді. Яғни, жай ғана іші ауырған 7 жасар қызына «жәдел жәрдеммен келген ақ халаттылар диагноз қоймай жатып, 12 жастан асқан балаларға ішуге болатын дәрі берді» деген болатын.