Жол апаты бүгін Қызылжар ауданында болған
Солтүстік Қазақстан облысында жол апаты кезінде жедел жәрдем көлігі аударылып, жүкті әйел зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты бүгін, 1 шілде күні сағат 05:20 шамасында Қызылжар ауданында Петерфельд ауылына жақын маңда болған.
«Жәдел жәрдем автокөлігі облыс орталығына қарай кетіп бара жатқан Audi жеңіл көлігімен соқтығысты. Жол апаты салдарынан жедел жәрдем жолаушысы мен жеңіл автокөлікте болған екі жолаушы зардап шекті», - деді Динара Сағындықова.
Зардап шеккендердің бірі - Мамлютка қаласының 58 жастағы тұрғыны, ол ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ жедел жәрдем көлігінде болған 28 жастағы жүкті әйел де перинаталдық орталыққа жеткізілді.
Оқиға орнында Қызылжар ауданы полиция бөлімінің жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу барысында полицейлер жол апатының себебін анықтайды.
Бірқатар сараптама тағайындалды.