Түркістан облысында өзгенің телефоны арқылы банктегі ақшасын жаратып жіберген жас қыз ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінгі таңда аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Түркістан облысында өзгенің телефоны арқылы банктегі ақшасын жаратып жіберген жас қыз ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТО ПД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол күндізгі уақытта облыс орталығында орналасқан сауда орталығының бірінде өзіне тиесілі «Самсунг А-21» маркалы ұялы телефонын жоғалтып алған. Ал, келесі күні белгісіз біреу жоғалтқан ұялы телефондағы банктің мобильдік қосымшасы арқылы ақшасын рұқсатсыз қолданып, түрлі төлемдер жасап жүргенін біледі де, полицейлерге шағымданады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеуге алынды.

Бұл ұрлық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды.

Бейнебақылау камераларын тексерді, Соның нәтижесінде 3-4 сағат ішінде күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті жас қыз жәбірленушінің ұялы телефонын тауып алып, тез арада оңай олжасын қалтасына салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Осылайша күдіктінің үйінен айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.