Алматыда 15 жастағы жасөспірім алты тәуліктен бері іздестіріліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Кетерінің алдында қалдырған хатында жасөспірім анасынан кешірім сұраған және интернатта басынан өткен қиындықтары туралы айтып берген екен

Фото: instagram.com/volontery_almaty_lider.kz

Алматыда 15 жастағы ұл бала жоғалып кетті. 12 желтоқсан күні ол зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған интернаттан шығып кетіп, қайтып оралмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жасөспірімнің жоғалғаны туралы ақпарат Lider.kz жоғалған адамдарды іздеу жөніндегі еріктілер парақшасында жарияланған. Дамир интернаттан таңертең ерте кетіп қалған. Сырт киімдерін, телефоны мен өзге де заттарын бөлмесінде қалдырып кеткен. Кетерінің алдында жасөспірім хат жазып, онда анасынан кешірім сұраған және интернатта басынан өткен қиындықтары туралы айтып берген екен. 

«Баланың осы хатты жазып жатқан сәтте қандай күйде болғанын ойлаудың өзі қорқынышты. Анасы ұлы жоғалған алты тәуліктен бері көз ілмей, сары уайымға салынып отыр. Мектеп-интернатта не болып жатыр өзі? Жасөспірім бала неден жазықты болып қалды?», – деген сауалдың жауабын іздейді еріктілер.    

Волонтерлар сондай-ақ, үш күн бойы сауда орталықтарын, вокзалдар мен ауруханаларды тексеру жұмыстарының еш нәтиже бермегенін айтады.   

Дамирды тапқан немесе оны жоғалған уақыттан бері көрген-білген жандар болса, 8 701 375 92 91 нөміріне хабарласуларын сұраймыз. Жасөспірімнің ерекше белгілері: бойы 165 см, орташа денелі, қой көзді, қоңырқай шашты, самайының төменгі тұсында ұзын тыртығы бар. Сол күні Дамирдың үстінде қара кеудеше, джинсы шалбар және спорттық аяқ киім болған.