35 жастағы күдікті ұсталып, кінәсін мойындады
Петропавлда әйел көршісінің есепшотынан 200 мың теңге жымқырып кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғыны полицияға есепшотынан ақша ұрланғаны туралы айтып, арызданған. Петропавл қалалық ПБ Бірінші полиция бөлімінің қызметкері жәбірленушінің көршісін – 35 жастағы күдіктіні ұстады.
Бірде такси шақыру үшін ол әйелден телефонын сұрап алғаны белгілі болды. Ол интернет-банкинг қосымшасымен пайдаланып, жәбірленушінің қаражатын танысының шотына аударған. Кейін есепшоттағы ақшаны қолға түсіріп, алғыс ретінде танысына бес мың теңге қалдырған.
Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігі (Ұрлық) бойынша енгізілді. Күдікті жымқырған қаражатты қайтаруға дайын екендігін жеткізді.
«Әйел телефон экранын ашуға және интернет-банкингке кіру үшін бір кодты пайдаланған. Бұлай жасамауға кеңес береміз, қаскөйлердің әрекетіне тоқсауыл қою үшін әр түрлі құпиясөздерді пайдалану керек. Бұдан бөлек, бөтен адамдарға банк карталарының сыртында жазылған CVV-кодтарды, SMS-хабарламалармен келетін PIN-код пен құпиясөздерді ешкімге айтпауға, жеке құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермеуге шақырамыз. Бұндай мәліметтер қылмыскерлерге есепшоттарға қол жеткізу мүмкіндігін береді», – деді Бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов.