Үйіне дезинфекция жасаған: Ақтауда екі адамның өліміне себепші болған әйел сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Әйел шашқан удан жоғары қабатта тұратын 10 айлық сәби мен оның анасы көз жұмды

Ақтауда үйіне дезинфекция жасау арқылы екі адамның өліміне себепкер болған әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ашық сот отырысында оның кінәсі толық дәлелденген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап..

Жұртты дүрліктірген оқиға ақпан айында болған. Пәтерін қандаладан тазартпақ болған әйел көршілеріне ескертпестен үйіне «Квикфос» препаратын шашып кетіп қалған. Удан жоғары қабатта тұратын 10 айлық сәби мен оның анасы көз жұмды. Ал жеті адам есінен танып ауруханаға түскен. Олар дер кезінде дәрігерлерге көрініп аман қалған болатын.

«Дезинфекция жасау кезінде ҚР аумағында сатылуға тыйым салынған препаратты пайдаланған. Бұл препаратты қолдану кезінде, өкінішке қарай, көршілеріне алдын ала ескертпеген. Сот үкімімен аталған ҚР ҚК 304-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып,  6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді Маңғыстау облысы сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрханова.