Түркістан облысында жұртты балағаттап «танымал» болған педагог суицид жасады
Дәрігерлер қазір оның аман-сау екенін айтты
![Түркістан облысында жұртты балағаттап «танымал» болған педагог суицид жасады](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2021/06/21/60d02fb7d3fb0390869214.jpg)
Түркістан облысында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары суцид жасады. 34 жастағы мұғалім асылып өлмек болған деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Ордабасы ауданы, А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Елмұратова әлеуметтік желіде тараған видеосы үшін 18 маусымда жұмыстан шығарылған еді. Видеороликте педагогтың ер адамға қол жұмсап, оған балағат сөздерді қарша боратқаны түсірілген. Осы оқиғадан кейін мектептің директоры да лауазымынан босатылды.
Күні кеше жергілікті журналистер Ұлжан Елмұратованың суицид жасағаны туралы хабарлаған еді. Бұл жайтты Ордабасы ауданы әкімдігінің өкілдері растады.
«Қазір ғана дәрігермен сөйлестім. Жансақтау бөлімінен палатаға шығарыпты. Бөлмеде ем қабылдап жатыр екен. Есін біледі. Тапшанда арқанға асылып өлмек болған. Ұ.Елмұратова 27.08.2009 – 18.05.2015 жылдар аралығында Төлеби ауданындағы «Бағлан» балабақшасында әдіскер болып, 20.05.2015 – 09.01.2019 жж. аралығында Шымент қаласындағы «Батон» балабақшасында меңгерушісі болып қызмет атқарған. 18.03.2020 ж. А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебіне өз өтініші бойынша шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа қабылданған. Сонымен бірге, 29.04.2020 ж. негізгі қызметіне қоса 0,5 ставкамен дене тәрбиесі үйірмесі берілген. 10.11.2020 жылдан бастап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылған. Ұ.Елмұратованың диплом бойынша мамандығы «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі». Бітірген оқу орны Шымкент қаласындағы Орталық Азия Университеті», - деді Түркістан облысы Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева.
Оның айтуынша, ұстаздың әдепсіз қылығына бола кезектен тыс кеңес өткен. Кеңес қорытындысы бойынша өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше атқармағаны және өрескел заң бұзушылық жасағаны үшін А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Өмірзақ Ақбөпе қызметінен босатылған. Қол астындағы қызметкеріне бола жазаға тартылған директордың бұған дейін де көптеген кемшілікке жол бергені анықталыпты.
«Оқу-тәрбие ісіне жауапты қызметкер моральға қайшы іс-әрекет жасағаны үшін кезекті еңбек демалысы аяқталған соң қызметінен босатылды. Ал, Ақбөпе Өмірзақ Жақсыбайұлы А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебінің директоры болып 2020 жылдың 24 ақпанында тағайындалған. Бұған дейін осы мектепте мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Ө.Ақбөпеге қатысты Қазақстан Республикасының «Еңбек кодексіне» сәйкес 10.02.2021 ж. Kundelik.kz платформасын толтыруда жіберген кемшіліктері үшін «ескерту», 01.06.2021 ж. мемлекеттік емтихан өткізу кезінде жіберген кемшілігі үшін «сөгіс» түрінде тәртіптік шара қолданылған. Кеңестің қорытындысы бойынша мектеп директоры Ө.Ақбөпе бұған дейін оның екі рет тәртіптік шараға тартылғаны ескеріле отырып, Ұ.Елмұратованы директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындау барысында жіберген өрескел қателігі үшін Қазақстан Республикасы «Еңбек кодексінің» 52-бабы 1-тармағы 16-тармақшасына сәйкес мектеп директоры қызметінен босатылды», - деді Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Махаббат Махамбеткәрімқызы.
Тексеріс барысында мектеп директоры Ұлжан Елмұратованы өзіне орынбасар етіп заңсыз тағайындағаны анықталған. Мәселен, Елмұратованың мамандығы «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» бола тұра бұйрықта «өз мамандығы бойынша» деп көрсетіп, 0,5 ставка көлемінде дене тәрбиесінен үйірме алған. Сондай-ақ, Елмұратованы 10.11.2020 ж. директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстыру кезінде ҚР Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» №338 бұйрығының талаптарын бұзған. Аталған бұйрықта директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қойылатын біліктілік талабында оқытушылық қызметті жүзеге асыру кезінде қосымша «педагог-сарапшы» немесе «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-мастер» санатының болуы қажет. Ал, Ұ.Елмұратовада мүлдем біліктілік санаты болмаған. Бұл ретте де мектеп директоры тарапынан заң бұзушылықтар тіркелген.
«Ұ.Елмұратова директордың тәрбие жөніндегі орынбасары лауазымына ауыстыру кезінде өтініш жазбаған, қосымша еңбекшарты жасалмаған. Яғни, Қазақстан Республикасы «Еңбек кодексінің» талаптары өрескел бұзылған. Сонымен қатар, Ұ.Елмұратоваға қатысты қабылданған бұйрықтармен Ұ.Елмұратованың өзі таныспаған. Зерделеу жұмыстарынан кейін қызметкерлердің еңбек шарттарын тіркеу журналына түзетулер енгізген. Мектеп директоры Ө. Ақбөпе тарапынан Ұ.Елмұратоваға қатысты шешімдер қабылдау кезінде жоғарыда аталған өрескел кемшіліктерге жол берілген. Ө.Ақбөпе А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебінің директоры лауазымынан босатылғанымен, мұғалімдік қызметінен босатылған жоқ. Яғни, ол аталған мектепте әрі қарай педагогикалық қызметін өз мамандығы бойынша, тарих пәнінің мұғалімі болып жалғастырады», - деді М.Махамбеткәрімқызы.
Ордабасы ауданының Бадам ауылында тұратын Ұлжан Елмұратованың төрт баласы мен жолдасы бар. Толық отбасында өмір сүретін педагог 19 маусымда түнгі сағат 11 кезінде өз үйінде суцидке бармақ болған. Оның әрекетін қайынысы көріп қалған және құтқарған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы