Еламан Жолдасов 13 желтоқсан күні өзі тұратын үйдің подъезі маңынан өлі табылған
Қазақстанның Мысыр еліндегі елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасов Каирде жұмбақ жағдайда қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марқұмның туысы Гүлнар Пернебекованың айтуынша, қайғылы оқиға 13 желтоқсан күні болған екен. Еламан Жолдасов өзі тұратын үйдің подъезі маңынан өлі табылған.
«Оны подъезд маңында өлі күйде жатқан жерінен тапқан. Табылған кезде қолдары артқа қайырылып байланған екен деп естідік. Арқасы түгелдей қан мен топыраққа шыланып қалыпты. Демек, оны жерге жатқызып сүйрелеген сияқты. Мойнында жіп болған», – дейді Пернебекова.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта өзін-өзі өлтіру дерегі қарастырылып жатқан көрінеді, алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспейді.
Гүлнар Пернебекова Жолдасовтың Египетте студенттік кезден тұратынын, сол елде институт бітіргенін айтады. Қазақстан елшілігінде мәдени мәселелер жөніндегі маман болып жұмыс істепті. Оның артында екі баласы, жүкті болғанына жеті ай толған жұбайы қалған.
«Жұмысында ешқандай қиындығы болмаған. Ішімдік ішпейтін, ешқандай заңға қайшы әрекеттермен айналыспаған жақсы адам еді. Өзі ғалым болды», – деп атап өтеді Пернебекова.
Ал ҚР Cыртқы істер министрлігі аталмыш оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді.
«ҚР СІМ Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың қайтыс болғанын растайды. Қазіргі уақытта Египет прокуратурасы қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты тергеу қорытындысы бойынша ресми мәлімет шықпайынша бұл жағдайға қатысты негізсіз мәліметтер таратпауларыңызды сұраймыз. СІМ өкілдері Мысырға тергеу шараларына қатысуға жіберілді. Толық мәлімет 18 желтоқсанда ҚР СІМ ресми өкілі өткізетін брифинг барысында айтылады», - делінген СІМ хабарламасында.
Министрлік өкілдері Еламан Жолдасовтың туыстары мен жақындарына көңіл айта отырып, дипломаттың отбасына қажетті көмек көрсететілетінін атап өтті.
Дереккөз: Tengrinews.kz