Күдікті қатты ашулы және мас болған
Елордада Гоголь көшесіндегі дүкендерінің біріне мас адам қарақшылық шабуыл жасады. Оқиға бүгін 07:08-де болған.
Дүкенге пышақ ұстаған белгісіз ер адам кіріп, сатушының бірін қорқытып, сыртқа шығарып жіберген. Іште қалған тағы бір сатушыға пышақ кезеніп, дүкен кілтін талап еткен. Күдікті дүкенді іштен жауып жатқанда сатушы дабыл түймесін басып үлгерген.
Елордалық полиция қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем мен төтенше жағдай өкілдері хабар келген бойда оқиға орнына аттанған.
«Дүкен жеке тұрған екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Полицейлер есіктен ер адаммен келіссөз жүргізе бастады. Күдікті қатты ашулы және мас болды.
Ер адам қолындағы ас үй пышағымен сатушыны кепілге алып, оны және өзін жарақаттайтынын айтып деп қорқытқан. Осы сәтте полицейлер дүкенге қосымша есік арқылы енген. Тәртіп сақшылары ер адамды әңгімеге тартып, назарын басқа жаққа аударғанда, жәбірленуші қашып үлгерді. Күдікті өз кеудесін пышақпен тілгілеп жіберді», - делінген Полиция департаментінің мәлімдемесінде.
Дәрігерлер өзін жарақаттаған 31 жастағы ер адамға көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді. Бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды.