Петропавлда қызын ұрып өлтірген әйелге қатысты сот отырысы басталды
Оған бірден 3 бап бойынша айып тағылған

Петропавлда 3 жасар қызын ұрып өтлірген әйелге қатысты сот отырысы басталды. Дәрігерлер сәбидің өмірін аман алып қалу үшін 1 ай бойы жүргізген ем нәтиже бермеді. Бала жансақтау бөлімінде ес жимастан жан тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жұрттың жағасын ұстатқан жағдай биыл ақпан айында тіркелді. 3 жасар Александра Захарова ауыр соққыдан кейін ес-түссіз күйде балалар ауруханасына жеткізілген. Күдікті – туған анасы. Ол 18 жаста тұңғыш баласын дүниеге әкеле салып, жетімдер үйіне тапсырған. Кішкентай қызды анасының келісімімен туысы – Виталий мен Татьяна Захаровтар отбасы она уақытша қолына алады. Кейін бүлдіршін сал ауруына шалдығып, анасы мүлдем безіп кеткен.
«Ол ешқашан баласын бауырына тартқан емес. Жаңа жылдың алдында қызымызды ресми түрде асырап алып, құжаттарды рәсімдеу жоспарланған еді. Тиісті құжаттарды жинай бастадық. Туған анасы қолхат жазып, бас тартуы тиіс болатын. Аяқ астынан айнып қалып, баланы алып кетті. Соңы қайғылы жағдайға ұласты», - дейді жәбірленуші Виталий Захаров.
Безбүйрек ана баланы жәрдемақысы үшін қолына қайта алғанын мойындап отыр. Сот материалдарына сүйенсек, сәбидің көрмеген қорлығы жоқ. Шешесі оны қыстың қақаған аязында далаға жазғы аяқ киіммен шығуға мәжбүрлеген. Осылайша оған жүруді үйретпек болған. Салдарынан сәбидің аяғы үсіп қалған. Бас сүйегі сынған, қолы күйген, тістері түсіп қалған. Күдікті сот алдында ақталмады. Айыбымен келісіп отыр. Алайда істеген әрекетіне өкініш білдірген жоқ.
Сотта жәбірленуші тарап өткен істі қайтаруға болмайтынын айтып, қайтыс болған қыздың анасының жазасын жеңілдетуді сұрады. Оған бірден 3 бап бойынша айып тағылған. Ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО