Оралда ішімдік ішкен полиция қызметкері жол апатына ұшырады
Полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр

13 маусым күні сағат 02:39-да Орал қаласындағы М.Шолохов пен Ғ.Құрманғалиев көшелерінің қиылысында Volkswagen Passat маркалы көліктің рөлінде болған Абай полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы арақашықтықты сақтамай, алдында кетіп бара жатқан - 33 жастағы әйел тізгіндеген Audi A4 автокөлігін соққан.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасынан кейін екі жүргізуші де медициналық куәландыруға жіберіліп, сараптама қорытындысына сәйкес жүргізуші әйелдің сау, ал полиция қызметкерінің жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталған.
БҚО Пд ресми өкілінің айтуынша, полиция қызметкері 12 маусым күні кешкісін үйінде аздаған мөлшерде ішімдік ішкен. Бірақ сағат 02:15-те жұмысқа шақыртқаннан кейін автокөлік жүргізген.
«Расымен, полиция қызметкерін жұмысқа шақыртылғаны анықталды. Қазір оған қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр, соның қорытындысы бойынша ең қатаң шара қолданылатын болады», - деді Б.Белгібеков.
Еске сала кетейік, бүгін Алматыда полиция қызметкері басқа көлікке соқтығыспайын деген оймен байқаусызда әйелді қағып кетті. Көлік қаққан қала тұрғыны қайтыс болды.