«Анасына ренжіген»: Таразда жоғалып кеткен 12 жасар бала аман-есен табылды
Іздеу жұмыстары түнгі 3:00-ге дейін жалғасты
Тараздық полицейлер осыдан екі бұрын жоғалып кеткен 12 жасар баланы тауып, ата-анасына қайтарды деп хабарлайды Polisia.kz.
11 маусым күні түнгі сағат 22:30 шамасында қалалық Полиция басқармасына 33 жастағы әйел арызданып келген. Ол кәмелетке толмаған баласының күндізгі 14:00-де үйден кетіп, қайта оралмағанын айтқан.
Полицияға хабар түсісімен жедел «Дауыл» операциясы жүргізіліп, іздеу жұмыстарына ішкі құрамның бәрі жұмылдырылды. Сондай-ақ, 30-ға жуық ерікті азамат та жоғалған бала табуға атсалысты.
Іздеу жұмыстарының нәтижесінде түнгі сағат 3:00-де тәртіп сақшылары қаладағы шағынаудандардың бірінен 12 жастағы жеткіншекті аман-есен тапты. Анықталғандай, ол анасына ренжіп, үйінен кетіп қалған екен. Осы уақытқа дейін бала қала көшелерін кезіп жүрген.